DSC_3772.JPG
24 июня 2026 г.

«Әндіжан – 2026»: Өзбекстанда түркі әлемі мәдени астанасының салтанатты ашылуы өтті

24 июня 2026 г.

«Әндіжан – 2026»: Өзбекстанда түркі әлемі мәдени астанасының салтанатты ашылуы өтті

Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы тарапынан «2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы» деп Өзбекстанның көне қалаларының бірі Әндіжанның салтанатты ашылуы өтті.

Шара Әндіжанның символына айналған мекендерінің бірі — Бабыр қаласында, түркі әлемінің мәдени астанасы жылы аясында арнайы салынған заманауи амфитеатрда ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің жоғары лауазымды өкілдері, Өзбекстан Республикасы Әндіжан облысының әкімі Шухратбек Абдурахманов және Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековтің арнайы қатысып, мыңдаған көрермен де көркем кештің куәсі болды. 

Шараның ашылуында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің құттықтау хатын Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков оқып берді. Ал алғы сөзді ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев сөйледі.

Салтанатты шарада ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің атынан мына лауазымды тұлғалар қатысты:

  • Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі: Әділ Керімлі
  • Қазақстан  Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі: Айбек Сыдықов
  • Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрінің орынбасары: Салқын Сарногоева
  • Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары: Сердар Чам

Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова мен ТҮРКСОЙ-дың бұрынғы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те кештің қадірлі қонақтары қатарында болды. Сондай-ақ, 2027 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған Түркияның Кайсери қаласының атынан Кайсери әкімі Гөкмен Чичек пен Кайсери қаласының әкімдігінен Мемдух Бүйүккылыч қатысты.

Түркі әлемінің түрлі елдерінен келген 300-ден астам өнерпаз сахнаға шығып, көрермендерге ұмытылмас сәттер сыйлады. Концертте түркі дүниесінің ортақ мәдени мұрасын бейнелейтін бай сахналық қойылымдар көрсетілді.

Бағдарлама аясында Захириддин Мұхаммед Бабыр мен Әлішер Науаи сияқты түркі-ислам өркениетінің ұлы тұлғаларына арналған театрландырылған композициялар, халық әндері мен хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Өзбекстанмен қатар Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Түркиядан келген өнерпаздар өнер көрсетті. Ал «Лазги», «Бахор», «Тумор», «Шодлик» және басқа да би ансамбльдерінің жарқын өнерлері шараның көркін қыздыра түсті.

Түркі мемлекеттерінен келген өнерпаздардың ортақ өнер көрсетуі Әндіжанның «2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін мәдени бірлік, бауырластық және ынтымақтастық рухымен асқақтатты.

Президент Мирзиёевтің «Әндіжан – 2026» Іс-шарасына құттықтау Жолдауы

Салтанатты шараның ең мәнді сәттерінің бірі — Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің ашылу салтанатына орай жолдаған құттықтау хаты болды. Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков оқып берген бұл хатта Президент Мирзиёев Әндіжанның 2026 жылғы түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялануына шынайы ризашылығын білдірді.

Президент Мирзиёев өз жолдауында Ұлы Жібек жолының тоғысқан жерінде орналасқан көне Әндіжанның бұл мәртебеге лайық деп танылуын Өзбекстанның бай тарихи, мәдени және рухани мұрасына халықаралық деңгейде берілген жоғары бағаның айқын дәлелі ретінде атап өтті.

Мирзиёев Әндіжанның тек Өзбекстан үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін ерекше маңызға ие екенін, бұл қала ғасырлар бойы мәдениет, әдебиет, өнер мен қолөнердің басты орталықтарының бірі болғанына тоқталды. Осы қасиетті топырақтан ұлы мемлекет қайраткерлері, қолбасшылар, ғалымдар, ақындар, жазушылар мен өнер майталмандары шыққанын айтқан Мирзиёев, түркі дүниесі бұл мұраны әрқашан қуана-қуана еске алатынын жеткізді.

Жолдауда Захириддин Мұхаммед Бабырға ерекше тоқталған Президент Мирзиёев Әндіжанның ұлы билеуші, мемлекет қайраткері және ақын Бабыр мырзаның туған жері екенін еске салды. Бабырдың ғылыми, әдеби және әскери мұрасы түркі-ислам өркениетінің ең құнды қазыналарының қатарында екенін айта келе, Әндіжанның осы тарихи тұлға арқылы күллітүркі дүниесінің ортақ жадында ерекше орын алатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Президент Мирзиёев өз хатында ұлы ақын Абдулхамид Шолпанның азаттық пен тәуелсіздік идеяларын дәріптеген өлмес шығармаларына, ұлттық би өнерінің жарқын үлгісі «Әндіжан полькасына» және халықтың тапқырлығы мен талғамын көрсететін аския (шешендік-сықақ) дәстүріне назар аударды. Бұл құндылықтар тек Өзбекстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ мәдени байлығы екенін атап өтті.

ТҮРКСОЙ-мен жүргізіліп жатқан тығыз ынтымақтастыққа жоғары баға берген Президент Мирзиёев түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын қорғау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айтты. Тұрақты іс-шаралар ретінде 100 томдық «Түркі әдебиетінің дүрданалары» жинағының жарық көруін, бірлескен ғылыми жиындарды, мәдени шараларды және биыл Ислам өркениеті орталығы жанынан ТҮРКСОЙ кеңсесінің ашылуын осы серіктестіктің нақты жемісі ретінде көрсетті.

Президент Мирзиёев «Әндіжан – 2026» аясында жыл бойы Өзбекстанда және бауырлас елдерде ұйымдастырылатын фестивальдер, ғылыми конференциялар, өнер кештері, концерттер мен шығармашылық кездесулер түркі әлемі халықтары арасындағы достық пен бауырластық байланыстарды одан әрі нығайта түсетінін білдірді. Бұл бағдарлама жас ұрпаққа жаңа көкжиектер ашып, ортақ мұрамызды әлемдік деңгейде кеңінен танытуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.

Жолдауының соңында Президент Мирзиёев шараға қатысушы қонақтарға денсаулық, табыс және бақ-береке тілеп, «Өзбекстанның інжу-маржаны, Алтын аңғардың гауһары болған әсем де берекелі Әндіжан қаласына қош келдіңіздер!» деген сөздермен қатысушыларды сәлемдеді.

Сұлтан Раев: «Әндіжанның түркі әлеміндегі орны ерекше»

Жиында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Әндіжанның түркі өркениеті тарихындағы айрықша орнына тоқталып, былай деді:

«Бабыр сияқты ұлы билеуші әрі ақын өскен бұл көне қала — түркі дүниесінің ортақ мәдени жадында ерекше орынға ие. Әндіжанның түркі әлемінің мәдени астанасы болып сайлануы ортақ тарихымызға, мәдениетімізге және бауырластық байланыстарымызға берілген жоғары бағаның айқын көрінісі».

Раев сондай-ақ, ТҮРКСОЙ құрылған күннен бастап түркі халықтары арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуды, ортақ мәдени мұраны сақтауды және оны келесі ұрпаққа аманаттауды өз миссиясы санағанын, «Әндіжан – 2026» аясында өтетін шаралар бұл мақсаттарға зор үлес қосатынын айтты.

«Әндіжан полькасы» Гиннесстің рекорд кітабына енді

Мәдени астананың ашылу шаралары аясындағы ерекше сәттердің бірі — 20 мыңға жуық адамның қатысуымен өткен «Әндіжан полькасы» биі болды.

Өзбек мәдениетінің ең маңызды символдарының біріне айналған бұл жаппай халықтық би қойылымы Гиннесстің рекорд кітабына ресми түрде тіркелді. Рекорд сертификаты салтанатты түрде Өзбекстан Республикасының Mәдениет министрі Озодбек Назарбеков пен Әндіжан облысының әкімі Шухратбек Абдурахмановқа табысталды.

«Әндіжан полькасының» әлемдік рекорд орнатуы жыл бойы жалғасатын мәдени астана іс-шаралардың алғашқы ауқымды жетістігі ретінде тарихқа енді.

Түркі әлемінің мәдени астанасы бағдарламасы

2012 жылдан бері ТҮРКСОЙ тарапынан жүзеге асырылып келе жатқан «Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын танытуды, мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастықты дамытуды, қалалар арасындағы мәдени байланысты арттыруды және ортақ құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.

Бағдарлама аясында таңдалған қалаларда бір жыл бойы концерттер, фестивальдер, көрмелер, театрландырылған қойылымдар, ғылыми жиындар, әдеби кештер мен мәдени мұра жобалары жүзеге асырылады.

Түркі әлемінің мәдени астаналары тізімі:

ЖылҚала / Ел
2012Астана (Қазақстан)
2013Ескішеһир (Түркия)
2014Қазан (Татарстан / Ресей Федерациясы)
2015Мерв (Түркіменстан)
2016Шеки (Әзербайжан)
2017Түркістан (Қазақстан)
2018Кастамону (Түркия)
2019Ош (Қырғызстан)
2020Хиуа (Өзбекстан)
2022Бурса (Түркия)
2023Шуша (Әзербайжан)
2024Әнеу (Түркіменстан)
2025Ақтау (Қазақстан)
2026Әндіжан (Өзбекстан)

Айта кетейік, Әндіжан қаласында жыл бойы ұйымдастырылатын мәдени шаралар, фестивальдер, көрмелер, концерттер мен ғылыми жиындар түркі дүниесінің мәдени орталығына айналуына себеп болмақ.

Медиа галереясы

DSC_3478.JPG
DSC_3488.JPG
DSC_3491.JPG
DSC_3499.JPG
DSC_3494.JPG
DSC_3506.JPG
DSC_3503.JPG
DSC_3513.JPG
DSC_3515.JPG
DSC_3523.JPG
DSC_3517.JPG
DSC_3524.JPG
DSC_3528.JPG
DSC_3538.JPG
DSC_3533.JPG
DSC_3542.JPG
DSC_3545.JPG
DSC_3553.JPG
DSC_3565.JPG
DSC_3569.JPG
DSC_3566.JPG
DSC_3573.JPG
DSC_3583.JPG
DSC_3589.JPG
DSC_3587.JPG
DSC_3598.JPG
DSC_3754.JPG
DSC_3604.JPG
DSC_3619.JPG
DSC_3623.JPG
DSC_3621.JPG
DSC_3624.JPG
DSC_3639.JPG
DSC_3647.JPG
DSC_3650.JPG
DSC_3651.JPG
DSC_3653.JPG
DSC_3678.JPG
DSC_3685.JPG
DSC_3728.JPG
DSC_3590.JPG
WhatsApp Image 2026-06-24 at 21.09.24

© 2022 TÜRKSOY - Барлық құқық сақталған