― 20 июня 2026 г.
40 жылдық тарихы бар Ыстықкөл форумы Шолпан-Атада жалғасты
Әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов негізін қалаған Ыстықкөл форумы Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында басталды. Жаһандық мәселелер талқыға түскен бұл алқалы жиынға мемлекет басшылары, «Нобель» сыйлығының лауреаттары, ғалымдар, жазушылар мен дипломаттар қатысты.
«Әлем өркениетінің бетбұрыс кезеңінде: болашаққа бірге» ұранымен ұйымдастырылған форумның ашылу рәсіміне Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен Албания Президенті Байрам Бегай жұбайларымен бірге қатысты. Форум алдында Садыр Жапаров пен Байрам Бегай қобыз (қомуз) пішінінде жасалған айлақта серуендеп, қырғыздың ұлттық күйлерін тыңдады. Кейін Албания Президенті Байрам Бегайға дәстүрлі қырғыз қомузы сыйға тартылды.
Президент Садыр Жапаров өз сөзінде Айтматов бастаған бұл зиялылар дәстүрінің 40 жылдығын атап өтіп жатқандарын, форумның Солтүстік пен Оңтүстік, Шығыс пен Батыс арасында жаңа өркениеттік диалог орнатуға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Көшбасшылардың жолдауы және мәртебелі қатысушылар құрамы
Азия мен Еуропаның мәдениет және ғылым әлеміндегі танымал тұлғаларының басын қосқан форумға Албания Президенті Байрам Бегай, Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, «Нобель» сыйлығының лауреаты, жазушы Мо Янь, Қытай әдебиетінің классигі, жазушы Ван Мэн, әлемге әйгілі тарихшы әрі сарапшы Питер Франкопан, кинорежиссер Али Хамраев және белгілі қылқалам шебері әрі өнер менеджері Василий Церетели қатысуда.
Бұған қоса, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин форум қатысушыларына өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.
Сұлтан Раев: «Рухани жаңғыру толқындары Ыстықкөлден басталды»
Салтанатты шараға қатысқан ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев форумның тарихи және жалпыадамзаттық құндылығына тоқталды.
Раев: «Бұл форумның басты мәні неде еді? Тұңғыш рет Шығыс пен Батыс зиялылары бір арнада бас қосып, жаһандық мәселелердің шешімін іздеп қана қойған жоқ; ең алдымен бұл форум әлемнің саяси айналымын өзгертуге, дүниедегі қалыптасып қалған стеоротиптерді (теріс түсініктерді) жоюға, жаңа идеялар мен жаңа көзқарастардың пайда болуына, ең бастысы — Шығыс пен Батыс диалогын орнатуға және әлем картасының жаңа сәулетін жасауға жол ашты. Міне, осы идеялар мен рухани жаңғырудың толқыны Ыстықкөл форумынан басталғанын бүгін әлем жұртшылығы мойындауы тиіс», — деді.
Адамзат болашағына бағыт беретін ауқымды тақырыптар талқылануда
Түрлі елдер мен халықаралық ұйымдардан келген делегаттар қатысқан форумда адамзат алдында тұрған жаһандық түйткілдер сөз болды. Әлемдегі геосаяси шиеленістердің артуы, климаттың өзгеруі мен экологиялық дағдарыстар, жасанды интеллектің бақылаусыз дамуы мен технологиялық ілгерілеудің этикалық қырлары, сондай-ақ мәдениет пен әдебиеттің әлемдік саясаттағы орны сияқты маңызды тақырыптар талқылануда.
Форум қатысушысы, Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық жазушы Мо Янь адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі екеніне назар аударды.
Үш күнге созылатын Ыстықкөл форумы аясында панельдік отырыстар, тақырыптық пікірталастар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Шаралардың қорытындысы бойынша өркениеттер трансформациясы дәуіріндегі бейбітшілік, гуманизм және жауапкершілік мәдениеті туралы негізгі құжат — «Ыстықкөл декларациясы» қабылданады деп жоспарлануда.
Мұрат Әуезов бюсті ашылды
Ыстықкөл форумы аясында Шолпан-Атадағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйінің алдында ұлы жазушының ұлы, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бюстінің ашу салтанаты өтті. Бұл шара ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың модераторлығымен ұйымдастырылды.
Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Арслан Қойчиев, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, белгілі шығыстанушы Зифа-Алуа Әуезова, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов және Татарстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ркаил Зайдуллин сияқты маңызды тұлғалар қатысқан жиында бюст авторы қырғыз мүсіншісі Тамила Маматова екені атап өтілді.
Сонымен қатар, Ыстықкөл форумымен қатар көл жағасында Шанхай Ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Медиа форумы да өтіп жатыр. ШЫҰ елдерінің ресми делегациялары мен 60-тан астам медиа өкілдері қатысқан бұл шарада ақпараттық және коммуникациялық салалардағы серіктестікті дамыту көзделуде.